Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған Алматы тұрғыны болып шықты
Шымкент базарларында алтын ұрлаумен айналысқан алматылық әйел ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зергерлік бұйым сатушыларына жарты миллион теңге көлемінде шығын келтірілді. Қаскөй сатып алушы ретінде келіп, бағалы бұйымдарды білдірмей ұрлап, «ізін суытқан». Тауардың жетіспеушілігін байқаған үш кәсіпкер полицияға арызданды.
Әл-Фараби АПБ-ның жедел уәкілдері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексеріп, ұрының жеке басын анықтады. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған Алматы тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары оны тұрғылықты жерінен ұстады. Күдікті зергерлік бұйымдарды ломбардқа сатып үлгерген.
Қазіргі таңда әйел қамауда. Құқық қорғаушылар оның басқа да ұқсас жайттарға қатысы бар болуы мүмкін екенін атап өтті.
Полиция қызметкерлері бағалы заттардың ұрланбауы үшін аса қырағы болу және оларды мүмкіндігінше ұрылардың қолы жетпейтін жерлерде сақтау қажеттігін еске салады.