Оқиға орнына келген полицейлер қаланың тыныштығын бұзғандарды алып кетті
Алматыда көшенің қақ ортасында бір топ адамның төбелесі камераға түсіп қалған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Желіде тараған видеодан үш адамның бірін-бірі аяусыз соққыға жығып жатқанын, артынша біреуінің жерде жатқан темір таяқты ала салып, өзгелерге тұра ұмтылғанын көруге болады. Арлы-берлі өткен жүргіншілердің көптігіне және олардың ажыратуға тырысқанына қарамаған үшеу ерегісті одан ары жалғастырады.
Оқиғаның 26 ақпанда кешкі уақытта Байтұрсынов-Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында болғаны айтылады.
Оқиға орнына келген полицейлер қаланың тыныштығын бұзғандарды алып кетті. Қазір жанжалдың мән-жайы анықталып жатыр.
«Бұзақылық фактісі бойынша Алмалы ауданының полиция басқармасы тергеу жүргізуде. Төбелескендер анықталып, ұсталды. Олардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Басқа жағдайлар анықталуда», - деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.