Алматының маңындағы ауылда жер үй өртеніп, ер адам ауруханаға жеткізілді

Автор: Azattyq Rýhy

Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД 7 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды

Фото: t.me/qr_tjm

Алматы қаласы маңындағы Талғар ауданы Гүлдала ауылындағы жер үйден өрт шығып, ер адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметтеріне қарағанда, бүгін сағат 15:22-де Талғар ауданының Гүлдала ауылында 138 шаршы метр алаңда жер үйдің шатыры және бір бөлмесі жанған. Сондай-ақ үйдің 30 шаршы метр төбе жабыны құлаған.

«Өрт сағат 16:13-те оқшауланып, 17:25-те сөндірілді. Өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД зерттеу сынақ өрт зертханасы мен анықтау бөлімінің қызметкерлері жолданды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ онда өрт салдарынан ер адам ауруханаға жатқызылғаны айтылған. Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД 7 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды.