Ақтөбелік келіншектің көлігін танысы ұрлап кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиға бойынша екі күдікті қамауға алынды

31 қаңтарға қараған түні Ақтөбедегі көпқабатты үйдің ауласында «Toyota Land Cruiser 200» автокөлігі ұрланды. Жол талғамайтын көліктің иесі шығынын 25 млн теңгеден астам сомаға бағалаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Диапазонға сілтеме жасап.

Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта екі күдікті анықталды. Олардың бірі жәбірленушінің танысы болып шықты.

Өткен жылы көліктің иесі оған темір тұлпарының дабылын ауыстыруды сеніп тапсырған.

Көлік Орал қаласында күдіктінің таныстарының үйінен табылған.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды. Олар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.