Қызылордада киік етін заңсыз тасымалдағандар ұсталды

Автор: Аманалина Тоғжан

35 және 28 жастағы қала тұрғындарына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр

Фото: Polisia.kz

Қызылордада полицейлер 76 киіктің ұшасын тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia-ға сілтеме жасап.

«6 ақпан күні сағат 22:30 шамасында Қызылорда қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері «Браконьер» іс-шарасы аясында Жезқазған – Қызылорда тасжолында Toyota Hilux және Toyota land cruiser автокөліктерін тоқтатпақшы болған. Алайда күдіктілер полицияның тоқтату туралы заңды талабына бағынбай, бой тасалағысы келді. Тәртіп сақшылары күдіктілерді ұстады», - делінген хабарламада.

Toyota Hilux автокөлігінен 29 бас киіктің ұшасы мен 9 дана 12 калибрлі оқ дәрі табылса, Toyota land cruiser автокөлігіне 47 бас киіктің ұшасы тиелген.

Аталған дерек бойынша ұсталған 35 және 28 жастағы қала тұрғындарына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда тиісті сот сараптамалары тағайындалып, оларға қатысты бұлтартпау шарасы шешілуде.

«Браконьер» жедел-профилактикалык іс-шарасы барысында табиғат қорғау заңнамасының 2 дерегі анықталды. Бұдан бөлек 9 киік ұшасының алыну деректері бойынша да тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.