Қарағандыда көлік қағып кеткен 12 жастағы оқушы қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото: astanatv.kz

Қарағандыда көлік қағып кеткен 12 жастағы оқушы қаза тапты. Соққының қатты болғаны сонша баланы дәрігерлер құтқара алмаған. Бұл туралы Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды .

Оқиға реттелмейтін жаяу жүргіншілер жолында болды. Оқушы таңғы 8-ге қарай мектепке бара жатқан. Тиісті жерден өте бере баланы Тойота автокөлігінің 51 жастағы жүргізушісі қатты жылдамдықпен келіп, тоқтай алмастан басып кеткен. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілгенімен оны аман алып қалу мүмкін болмады. Жүргізуші уақытша қамау изоляторына қамалды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 «Аталған дерекке байланысты сотқа дейінгі тергеу амадары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Жүргізуші уақытша қамау изоляторына қамалды», - деді облыстық ПД ресми өкілі Бақытжан Құдияров.

Дәл осы Аманжолов көшесіндегі реттелмейтін жүргінші жолында жол- көлік оқиғасы жиі болады. Жуырда тағы екі адам қаза тапқан. Бұл маңайда мектеп және балабақша бар. Тұрғындардың айтуынша, бағдаршам болмаған соң жүргізушілер жаяу адамдарға жол бергісі келмейді. Тіпті реттелмейтін жүргінші жолын байқамайды. Жұрт құзыретті орындардан бағдаршам қоюды сұрайды.

 «Жан- жағына қарап байқап жүрсе кішкене. Адам өміріне қауіпті дегенді бірінші естеріне сақтаса.Камаздар, жүреді, үлкен машиналар жүреді. Бала келе жатыр, үлкен келе жатыр қарамайды. Өте қатты жылдамдықпен жүреді солай», - дейді қала тұрғыны Гүлзипа Манапқызы.