Марқұмның отбасы, туған-туыстары және баспанасы болмаған
Солтүстік Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы диспансерде емделіп жатқан ер адам терезеден секіріп өлді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
40 жастағы қала тұрғыны қазанның 10-ы күні фтизиопульмонологиялық бөлімге диагностика жасау мақсатында жатқызылған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, емдеу мекемесіне түскенге дейін ол жарты айдан астам уақыт бойы арақ ішкен. Ауруханада 4 күн жатқаннан кейін марқұм маскүнем елірмесіне шалдығып, өлгісі келетінін айтып сандырақтаған. Жұрт шырт ұйқыда жатқан кезде түнгі төрт шамасында науқас жоғарғы қабаттағы терезелердің бірінен секіріп кеткен.
«Емделуші соққыдан бірден көз жұмған. Ол қабылдаған медикаменттерді тексердік. Дәрігердің тағайындауынсыз ешқандай дәрі-дәрмек қабылдамаған. Суицидтің себебі ішімдік пен марқұмның әлеуметтік жағдайы болуы мүмкін», - деді Тимур Сұлтанғазиев.
Марқұмның отбасы, балалары, туған-туыстары жоқ. Баспанасы да болмаған.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО