Петропавлдағы бүтін бір отбасының кісі қолынан қаза табу дерегі: үшінші күдікті ұсталды

Автор: Мира Байбек

Қылмыс желтоқсан айында Жұмысшы кентінде болды

Фото ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы Жаңа жыл қарсаңында Жұмысшы кентіне болған атышулы қылмысты тергеу ісінің қалай жүріп жатқаны бойынша мәлімет берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Петропавловск.news хабарлауынша, ерлі-зайыпты екеу мен олардың 17 жастағы ұлын өлтірді деген күдікпен тағы бір күдікті ұсталды.  

Жантүршігерлік қылмыс өткен жылдың 28 желтоқсанында болған.

«Кісі өлтіру туралы хабар түсе салысымен дереу барлық тергеу және жедел бөлімшелер жұмылдырылды. Екі сағаттың ішінде күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл іс бойынша үш негізгі күдікті бар. Ұсталғандар ҚАЖ тергеу изоляторында отыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша қылмыстық іс сотқа жолданады», - деп түсіндірді СҚО ПД басшысы Айдын Қабдулдинов.

Еске салайық, 28 желтоқсанда Жұмысшы кентіндегі жеке үйлердің бірінен ер адамның, әйелдің және олардың 17 жастағы ұлының мәйіттері табылған болатын. Бастапқыда аталған қылмыстық іске қатысы бар делінген екі күдікті ұсталған еді.

Отағасының жерлеу қызметі саласында жеке бизнесі болған.