«Майқайыңалтындағы» іздестіру жұмыстары: Автобустың доңғалағына ұқсас бөлшек көрінді

Автор: Azattyq Rýhy

Бірақ автобус нақты сол жерде ме, жоқ па, әзірге белгісіз

Фото: Павлодар облыстық ТЖД

Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» кенішінде іздестіру жұмыстары кезінде жер астынан автобустың доңғалағына ұқсас бөлшек көрінген. Әзірге құтқарушылар құлаған техника нақты осы жерде деп айта алмай отыр. Өйткені опырылған топырақ пен үлкен тастарды шығару оңай болмай тұр. Бұл ақпаратты өз парақшасына Павлодар облысының әкімі Асайын Байқанов жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ол «Майқайың-алтын» кенішіндегі шұңқырдың түбіне түсірілген экскаватор автобустың дөңгелегіне жетті дейді. Бірақ автобус нақты сол жерде ме, жоқ па, әзірге белгісіз. Қазір гидравликалық балғасы бар техника үлкен тастарды ұсатауға көшкен.

Естеріңізде болса, шахтадан шақырту алып түн ішінде келген кәсіби апаттан құтқару жасағы мінген автобус кенішке жақындағанда жер опырылып кетіп, 150 метрлік тереңдікке құлап кеткен еді. Автобуста болған төрт адамның екеуінің мәйіті табылып жер қойнына тапсырылды. Тағы екі адам мен автобус әлі жоқ. Іздестіру 4 қаңтардан бері тоқтаусыз жүріп жатыр.