Алматы қаласында зардап шеккен халықты қабылдау пунктері іске қосылды – министр
Сырым Шәріпханов халықтан дүрбелеңге түспеуін сұрады

Үкімет отырысында Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов Алматыда болған жер сілкінісі жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Осы жылғы 23 қаңтарда түнгі сағат 12-ден 9 минут кеткенде Ұлттық ғылыми сейсмологиялық орталығының деректері бойынша эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде Қырғыз және Қытай Халық Республикаларының шекарасында жер сілкінісі тіркелді. Сағат 07.00 - дегі жедел жағдай бойынша 3 сейсмикалық оқиға тіркелді (00.09 сағат, 00.42 және 01.36 сағат), олар Алматы қаласында - 5, Шымкент қаласында - 2, Жамбыл облысында - 2-3 және Жетісу облысында - 4 балл. Алдын ала мәліметтер бойынша ғимараттар мен құрылыстардың бұзылыуы жоқ. ТЖ министрінің төрағалығыммен Төтенше жағдайлар министрлігінде Республикалық жедел штаб ашылды, осындай штабтар аумақтарда жұмыс істеуде. Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтарымен жедел желі телефондары ұйымдастырылды», - деді Шәріпханов.
Министр атағандай, өңірлердегі азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдары жоғары дайындыққа келтірілді, командалық-штабтық машиналар орналастырылды, құтқару бөлімшелерінің топтары және халықты хабардар ету жүйесі ден қоюға дайын.
«Алматы қаласында зардап шеккен халықты қабылдау пунктері іске қосылды, олар барлық өңірлерде бар. Жақын орналасқан пунктер туралы деректер 2ГИС платформасында және көппәтерлі тұрғын үйлердің кіреберістеріндегі ақпараттық QR-тақтайшаларда орналастырылған. Сейсмикалық болжау комиссиясының өткізілген отырысына сәйкес Алматы қаласының аумағында қатты және жойқын жер сілкінісі күтілмейді. Осыған байланысты, өңірлердің тұрғындарынан дүрбелеңге түспеуін және тек ресми дереккөздеріне сенуін сұраймын», - деді ол.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта өңірлерде ғимараттар мен құрылыстардың, оның ішінде қорғаныш гидротехникалық объектілердің ықтимал бұзылуына комиссиялық тексеру жүргізілуде.
«ТЖ департаменттері азаматтардың барлық хабарламаларын тіркеп, дереу шығуды жүзеге асыруда. Сонымен қатар, халық арасында жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттер бойынша кең үгіт-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жер сілкісіне жатпайтын аймақтардың күштері мен құралдары да ықтимал төтенше жағдайлар аймағына көшіруге дайындыққа келтірілді», - деді ол.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ