Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов әлеуметтік желіде жазды
Қостанай облысында қатты боран мен желдің салдарынан 87 әлеуметтік нысанның шатыры қираған. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс әкімі бүгін қала және аудан әкімдерімен кеңес өткізіп, ауа райының салдарынан зақым келген нысандарды қалпына келтіру бойынша жиын өткізді. Өңір басшысына әр ауданның әкімі есеп беріп, жағдайды баяндады.
«Ауа райының салдарынан біздің облысымыздың 10 өңірінде 87 әлеуметтік нысанның шатыры зақымдалды. Бүгінгі таңда 3 өңірдегі 5 нысанның шатыры қалпына келтірілді, ал қалған нысандарды жөндеу қысқа мерзімде аяқталады және олар менің жеке бақылауымда. Қала және аудан әкімдеріне, облыстық басқармалардың жауапты басшыларына бүлінген нысандарды қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіп, шұғыл шаралар қабылдауды тапсырдым», - деп жазды облыс басшысы Instagram парақшасында.