Ақтөбеде алаяқтардың құрбаны болған әйел төрт банкті сотқа берді

Автор: Мира Байбек

Сот бұл іс бойынша талапкерге несие берген банктің кінәсі жоқ екенін айтқан

Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Ақтөбе облысында кибералаяқтардың арбауына түсіп қалған әйел бірден бірнеше банктен несие алған. Тіпті бір банкке өз аяғымен келіп, 2,5 млн теңге несие алып, бейтаныс адамдардың шотына аударған. Алайда оны алдаған алаяқтар сотталғанымен, әйелден несиені төлеу туралы міндет алынып тасталған жоқ,  деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Диапазон» басылымының жазуынша, ақтөбелік келіншек алаяқтардың ықпалымен «Еуразиялық банктің» Хромтаудағы бөлімшесіне келіп, 60 айға 2 миллион 540 мың теңге несие алған. Несие қаражаты оның шотына түскенде, ол төрт траншпен бейтаныс адамдардың есепшотына аударған. Кейін белгілі болғандай, ол бұл әрекетін алаяқтардың ықпалымен жасаған.

Ол жағдайды бағамдап, полицияға арыз жазады, ол жақта алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, әйел жәбірленуші ретінде танылады. Артынша әйелді және тағы бірнеше адамды алдап кеткен телефон алаяқтарының сыбайласы деп танылған төрт адам ұсталып, бас бостандығын шектеу жазасына кесіледі.

«Сот үкімінен кейін әйел несиені алаяқтардың алдап-арбауымен алғандықтан банкке несиені жою туралы талап етіп, сотқа арызданған. Алайда банк өкілі қаржы институтының филиалына әйелдің өзі келгенін, оның жанында ешкім болмағанын, ол өз еркімен нөмір алып кезегін күткенін, екінші қабаттағы менеджерге көтеріліп, несие құжаттарына өзі қол қойғанын алға тартқан. Сондай-ақ несиені алып, банк бөлімшесінен кетіп қалғаны ғимараттағы бейнебақылау камерасына жазылып қалған», - делінген хабарламада.

Сот екі тарапты тыңдап, әйелдің несие алуға өзі келгенін, банк оны бергенін және банк жауапкершілігі сонымен аяқталғанын, оның ақшаны өзгелердің атына аударуына банктің еш қатысы жоқ екенін айтқан және шығынын алаяқтық үшін сотталғандардан өтеуді талап етуге құқылы екенін түсіндірген. 

«Ең қызығы, әйел «Халық банк» филиалын да сотқа беріп, банктің несие шартын жарамсыз деп тануды талап еткен. Бұл жерде де дәл сондай жағдай қайталанған. Яғни әйел алақятардың нұсқауымен 600 мың теңге онлайн несие рәсімдеп, ақшаны басқа есепшоттарға аударған. Сотта банк өкілі талапкерге несие беру бойынша барлық міндеттемелер орындалғанын түсіндірген және клиентке несие рәсімдеу кезінде банк қызметкерлерінің несие сұрамайтыны бірнеше рет ескертілгнін, алаяқтардан сақтану үшін ескерту жасалғанын алға тартқан», - делінген хабарламада.

Сот бұл іс бойынша талапкерге несие берген банктің кінәсі жоқ екенін мойындады. Ал талапкер сотталушыдан келтірілген шығынды өтеуді талап ете алады. Осылайша ақтөбелік әйелдің талабы қанағаттандырылмады

Белгілі болғандай, әйелдің тағы екі банкке қарсы екі талап арызы қаралып жатыр, онда банк несиесін жарамсыз деп тану туралы талап жазылған.

Бұл екі іс бойынша сот үкімі әлі шығарылған жоқ.