Оқиға орнына құтқарушылар жіберіліп, жолда қалғандарға көмек көрсетілді
Ақмола облысында қатты боран мен көктайғақтың кесірінен бір мезетте он бес көлік соқтығысты. Оқиға кеше Астана-Щучинск тасжолында болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
Көлік апатынан бір адам зардап шекті. Ол бас-ми жарақатымен Макинск қаласындағы ауруханаға жатқызылған. Полицейлердің мәліметінше, оқиға кеше түстен кейін болған. Көктайғақ пен қатты боранның кесірінен жүргізушілер дер кезінде тоқтай алмай қалған. Оған қоса, жол нашар көрініп, қар да жауған. Оқиға орнына құтқарушылар жіберіліп, жолда қалғандарға көмек көрсетілді.
Жалпы, соңғы бірнеше тәулікте өңірде ауа райы құбылып тұр. Қар аралас жаңбыр жауып, жолды көк мұз басқан. Желдің екпіні де күшейген. Сондықтан полицейлер алыс жолға шыққанда сақ болу қажеттігін ескертеді. Қазіргі таңда Ақмола облысына қарасты барлық жол ашық.