Әскери-госпитальге қаладағы ауруханаларға сыймаған науқастар жатқызылады
Қауіпті індет жұқтырған азаматтар қала немесе облыстағы ауруханаларға сыймаған жағдайда осы әскери госпитальға жатқызылады. Науқастарды қабылдау және диагностикалық бөлімшелер, дәріхана, операциялық блок пен жансақтау бөлімшесі бар әскери-госпиталь 72 сағатта бой көтерді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Бұнда рентгендік тексеру, өкпені жасанды тыныс алдыру аппараттары да бар. Әскери клиникалық госпитальде анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі де ашылған. Алматыдан 30 шақырым қашықтықта орналасқан далалық госпитальда қазір мамандар күн сайын сабақ алып жатыр.
«Бөлімшенің жеке құрамы қажетті қорғаныс құралдарымен және 2-3 дәрежелі қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілген. Күн сайын медициналық мамандармен COVID-19 науқастарының келіп түсуі жағдайында әрекет алгоритмі бойынша сабақтар мен арнайы тренингтер өткізіледі. Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-медициналық қызметі әскери-медициналық мекемелер мен қызметкерлерді, жабдықтар мен құралдарды науқастарды қабылдауға, емдеуге және карантинге дайындау бойынша қосымша шаралар қабылдады», - деді Алматы гарнизоны баспасөз қызметінің басшысы подполковник Кристина Новикова.
Алматы облысы Шелеккемір елдімекенінде жарақталған мобильді госпиталь Тараздан жеткізілген. Новикованың айтуынша, әскери госпиталь науқастарды қабылдауға дайын. Мұндағылар Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысы бойынша әрекет етеді. Госпиталь жылыту және ауа баптау жүйелерімен жабдықталған, сондай-ақ тазалық тораптары мен жуыну бөлмелері де жұмыс істейді.
«Оның жанында 300 орындық екі ғимарат жөнделіп, карантин кезеңінде пайдалануға дайын тұр. Оған қоса, 500 орындық шатырлы лагерь ашылған. Ол да пайдалануға дайын», - деді Новикова.
Дәл осындай далалық госпиталь Нұр-Сұлтан қаласында да іске қосылмақ. Шатырлы лагерь 500 адамға есептелсе, екі ғимаратта 160 орын дайындалған.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы