Ерекше балаларды ұрып-соққан: Балқашта балабақша тәрбиешісінің көмекшісі сотталды
Жәбірленуші тарап сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұраған

Қарағанды облысы Балқаш қалалық соты балабақша тәрбиешісінің көмекшісіне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Балқаш қаласы білім бөлімінің «Ер Төстік» бөбекжайы» КМҚК-ның тәрбиеші көмекшісі С. кәмелетке толмаған екi адамға қатысты денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтірмесе де, ұдайы ұрып-соғып және күш қолдану арқылы тән зардабына ұшырату әрекеттерін жасады деп айыпталған (ҚК-нің 110-б. 2-б. 1), 2) т.).
«С. қызметтік міндеттерін атқару кезінде 2022 жылдың 22 қыркүйеғы мен 20 желтоқсаны аралығында психо-сөйлеу дамуының кешігуі бар балаларға арналған арнайы топта бола тұра, денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқпаған ұдайы ұрып-соғу және өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы кәмелетке толмаған екi адамды – Т. мен К.-ны тән зардабына ұшыратқан», - делінген сот хабарламасында.
Сотталушының кінәсі оның кінәні мойындаған айғақтарымен, жәбірленушілердің заңды өкілдерінің айғақтарымен, бейнебақылау камераларының бейнежазбаларымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, және басқа да дәлелдемелермен расталған.
Прокурор С.-ны кінәлі деп танып, педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандағын айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленуші тарап сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Қорғаушы тарап С.-ға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраған. Сотталушы жасаған іс-әрекетіне шын ниетпен өкiнуін, мүлiктiк залалды және моральдық зиянды толық өтеген, сот бұл деректерді жауаптылықты жеңілдететін мән-жай деп таныды.
«Жауаптылықты жеңілдететін мән-жайды, сотталушының жеке басын, оның жасын, мүгедектігін ескере отырып, сот С.-қа кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан 3 жылға айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандағын шектеу жазасын тағайындады», - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.