249 лауазымды тұлға жауапқа тартылды
Жетісу облысында жолды күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамаған 249 лауазымды тұлға жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, полицейлер өңірдегі жолдардың жағдайын мұқият тексеруді жалғастырып жатыр. Анықталған кемшіліктер бойынша жыл басынан бері жол ұйымдарына 1360 ұйғарым жолданды.
«Жалпыға ортақ пайдаланатын жолдар тексеруден өтеді. Автомобиль жолдарын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін 249 лауазымды тұлға жалпы сомасы 8 590 500 теңгеден астам айыппұл санкцияларын сала отырып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар көше-жол желісіндегі кемшіліктер үшін бірқатар аудандардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басшылары жазаланды»,– деді Жетісу облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Диас Айнақұлов.
Жыл басынан бері өңірде 2081 жол белгісі, 24 бағдаршам нысаны, 24 билборд, 92 өнеркәсіптік өндірістегі жасанды тегіс еместіктер орнатылды. Сондай-ақ 6,9 км көше жарығы және 45,4 км тротуар жолы жабдықталған.
«Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол көлік оқиғаларын алдын алу мәселелері полицияның тұрақты бақылауында. Айталық, бірқатар аудандарда апатты-қауіпті учаскелерге 18 муляж бейнекамера мен 36 жол белгісін орнату туралы шешім қабылданды. Бұл жүргізушілерді тәртіпті болуға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақыру үшін жасалады»,– деп атап өтті өңірдің әкімшілік полиция басқармасында.