Ер адамдарды жедел жәрдем алып кетті, олардың жағдайы тұрақты
16 желтоқсан кешкі сағат 20:00 шамасында 31 және 51 жастағы екі жергілікті тұрғын Шортанды өзені арқылы үйге баратын жолды кесіп өтуге шешім қабылдаған. Салдарынан мұз опырылып суға түсіп кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Төрт полиция қызметкері оқиға орнына 4 минут ішінде келді. Құтқару кезінде құтқару тростары мен жилеттер пайдаланылды.
«Тәртіп сақшыларына тез әрекет ету керек болды. Патрульдік полицейлер Нұрлан Шукманов пен Руслан Кужахметов мұз үстімен жорғалап, тереңдігі шамамен 6 метрлік суға секірді. Олар ер адамдарды тез арада жоғарыға қарай итеріп, қалған екі полиция қызметкері кезек-кезек барлығын судан жағаға шығарған тросты ұстап тұрды», - делінген хабарламада.
Ер адамдарды жедел жәрдем алып кетті. Олардың жағдайы тұрақты. Қазір дәрігерлердің бақылауында.
Полицейлер суға түскен формасын ауыстырып, қызметін жалғастырды.