Талғарда Bek Аir ісіне қатысты сот процесі онлайн түрде өтеді – адвокат

Автор: Azattyq Rýhy

Жер иесі сотқа ертең шақырту алғанын айтты

Ертең Алматы облысы Талғар ауданындық сотында Bek air  әуе компаниясына тиесілі ұшақ соғылған ғимарат иесіне қатысты сот қайта жалғасады. Азаматтық іс бойынша талапкер деп саналған әуе компаниясының басшылығы құрылысты заңсыз деп тану жөнінде шағым берген болатын. Сот 21 ақпанда істі қарауды 20 наурызға шегерген. Алайда жер иесі Решет Қалибек Azattyq Rýhy тілшісіне сотқа ертең (07 сәуір 2020 - авт.) шақырту алғанын айтты.

«Ертең сотқа сағат 16:30-ға шықарды. Мен адвокат таптым. Жәнібек деген заңгер көмектесетін болды. Бағасына келістік, 300 мың теңге беретін болдым.  Бірақ ол карантинге байланысты қаладан қалай келеді Талғарға, сол жағы қиын болып тұр»,- дейді Решет Қалибек.

Естеріңізде болса, Талғар аудандық сотына Bek Air әуе компаниясының талап арызын қарау кезінде жауапкер тарап дайындықсыз келген болатын. Гүлдала  ауылдық округіндегі жердің иесі (ұшақ құлаған – авт.) Решет Қалибек қаржылық қиындықтарға байланысты адвокат жалдауға мүмкіндігі болмағанын мәлімдеген. Сондай-ақ сот қазысы жауапкер  орыс тілін білмегендіктен аудармашының қамтамасыз етілмегенін ескеріп, соттың алдын ала тыңдауын бір айға шегерді. Өз кезегінде Решет Қалибек те әуе компаниясына қарсы талап арыз дайындайтынын мәлімдеген еді. 

Решеттің  жаңа қорғаушысы Жәнібек Башанов процестің ертең онлайн тәртібіне өтетінін растады. Карантинге байланысты тараптарға Талғар ауданының судьясы қашықтан байланысқа шығуға мүмкіндік берген.

«Қазір барлық процестер онлайн түрде өтіп жатыр. Біз Талғар аудандық сотына жаңадан талап арыз бердік. Онда істі тоқтатуды талап етеміз. Бұл азаматтық іс бойынша ертең бірінші процесс болады. Себебі, Решет Қалибектің жері бар да, онда заң жүзінде үй жоқ.  Сондықтан Bek Air әуе компаниясының талабы негізсіз деп ойлаймын. Ертең Талғар аудандық соты Есалинова бұл арызды қарап, тиісті шешім шығарса, заң бойынша іс тоқтатылуы тиіс», - дейді заңгер.

Оқи отырыңыз: «Адвокат жалдауға ақшам жоқ». Bek Air мен ұшақ құлаған үй иесі арасындағы сот отырысы кейінге қалды

Bek Air әуе компаниясының ұшағы 2019 жылдың 27 желтоқсанында апатқа ұшырағаннан кейін «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ пайдаланушы сертификаты мен ұшуға жарамдылық сертификатының қолданылуын тоқтатқаны белгілі. Қазіргі уақытта кәсіпорынның қызметін тексеру жалғасып жатыр. Егер заңбұзушылықтар 6 ай ішінде жойылмаса, пайдаланушы сертификаты мен ұшуға жарамдылық сертификаттары кері қайтарылып алынады, делінген болатын.

Оқи отырыңыз: «Бек Эйр» әуе флотының жағдайы қанағаттанарлықсыз - министрлік

Ал белгілі сарапшы Денис Кривошеев Bek Air компаиясының алдағы тағдырына қатысты өз пікірін білдірді. Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында ол мемлекеттің қандай шешім қабылдайтыны белгісіз дейді. Бірақ әуе компаниясы жұмысын жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.  

«Bek Air басшыларымен байланысып тұрамын. Олар ұшуды ары қарай жалғастырғысы келеді, әрине. Үкімет компанияның беделін түсіруге қатты тырысты. Сондықтан қазір әуе компаниясы қиын жағдайда қалып отыр. Меніңше, әуе мекемесін толықтай құртып жіберетіндей заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Тек осы апатты пайдаланып, оған қарсы PR кампания жүргізілді. Билік компанияға түзелу үшін жарты жыл уақыт берді. Екі айдан бері коронавирусқа байланысты барлық тіршілік тоқтап тұр. Кемшіліктерді жойып, қатарға қосылу үшін Bek Air-де қандай мүмкіндік бар, айту қиын. Десе де, компания қазіргі жағдайда рейстерді орындауға жарап тұр», - дейді Кривошеев.

Сарапшы сондай-ақ елдегі өзге әуе компаниялары да қауіпті індетке байланысты қиындыққа тап болғанын айтады. Ал әлемде авиация саласы пандемияға орай 200 млрд АҚШ долары көлемінде шығынға батқан.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы