Құтқару қызметінің мәліметінше, жанартау аймағында 75 адам болған
Индонезияның Суматра аралының батысындағы Мерапи жанартауының атқылауы кезінде кем дегенде 11 адам қаза тапты. Құтқарушылар тірі қалған үш адамды да тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy BBC Russian-ға сілтеме жасап.
Табиғи апат аймағында болған тағы 12 адам хабар-ошарсыз кетті деп саналады. Қауіпсіздік мәселелеріне байланысты оларды іздеу әзірге тоқтатылды.
«Қазір іздеуді жалғастыру өте қауіпт»", — деді құтқару тобының өкілі Джоди Харьяван.
Суматрадағы Мерапи жанартауының жаппай атқылауы 3 желтоқсан жексенбі күні түстен кейін басталды.
Құтқару қызметінің мәліметінше, жанартау аймағында 75 адам болған. 49 адам эвакуацияланды. Олардың көпшілігі күйікке байланысты медициналық көмекке мұқтаж болды.
Жанартау күл бағанасын 3 шақырым биіктікке лақтырды. Жанартаудың биіктігі – 2 891 метр.
Индонезия билігі атқылауға байланысты қауіптің екінші деңгейін жариялады және тұрғындарға кратерге 3 шақырымға жақындауға тыйым салды.
Марапи – Суматра аралындағы ең белсенді жанартаулардың бірі, оның ең жойқын атқылауы 1979 жылы сәуірде болды, ол кезде 60 адам көз жұмды.
18 мың аралдан тұратын Индонезия архипелагы Тынық мұхиты жанартауының от сақинасында орналасқан. Бұл аймақтағы сейсмикалық белсенділік ешқашан тоқтамайды.
Индонезияда 127 белсенді жанартау бар.