Қарағандыда жолаушыға толы екі автобус соқтығысты

Автор: Мира Байбек

Жеті жолаушы ауруханаға жеткізілді

Видеодан кадр

Қарағандыда екі автобус соқтығысып, соның салдарынан жолаушылар зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі еkaraganda басылымына сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Карл Маркс көшесінде болған. №56 және №44 автобустар соқтығысып, соның салдарынан жеті жолаушы ауруханаға жеткізілді.

«Олардың барлығы әртүрлі жерінен көгерген. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін зардап шеккендердің барлығы амбулаторлық емдеуге жіберілді. Тағы екі жолаушыға көмек қажет емес», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

Полицейлер жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғап, қажетті сараптамалар тағайындады.