Бірнеше ай бойы балаларының мәйітімен бірге тұрған әйел ұсталды
Әйел «адам өлтірді» деген күдікке ілінді
Ресейдің Псков облысында көпбалалы әйел бірнеше ай бойы үш баласының шіри бастаған мәйітімен бірге тұрып келген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
RenТV арнасының хабарлаынша, әйелдің 2019 және 2023 жылдары туған екі ұлының мәйіті Великие Луки қаласындағы Октябрьский даңғылындағы пәтерден табылған.
«Көршілері бірнеше рет кіреберіс пен басқа пәтерлердің ішіндегі жағымсыз иіске шағымданған. Олар желдеткіште өлі егеуқұйрық жатыр деп болжаған», - дейді дереккөз.
Нәтижесінде оқиға орнына полицейлер жеткен. Олар иістің шіри бастаған 4 және 1 жасар балалардың денесінен тарап жатқанын анықтаған.
Полицейлер сонымен қатар Мокряки ауылындағы саяжайдан әйелдің 8 жастағы қызының да денесін тапты.
Қаза болған балалардың 34 жастағы анасы ұсталды. Әйел «адам өлтірді» деген күдікке ілінді.
Оның қайтыс болған балалардан өзге, тағы екі баласы бар екені белгілі болды.
Көпбалалы әйел тергеуге алынды. Құқық қорғау органдары балалардың өлімінің мән-жайы мен себептерін анықтауда. Қылмыстық іс қозғалды.