Ақша айналымы 300 млн теңгеден асқан: ҚМА заңсыз алтын өндірген топты анықтады

Автор: Мира Байбек

Ұсталғандардың үшеуі қамауға алынды  

Видеодан кадр

Ақмола облысының, Астана және Шымкент қалаларының аумағында бір топ тұлға аса ірі көлемдегі бағалы металдардың заңсыз айналымымен айналысқан. Олардың қызметін аймақтық прокуратураның үйлестірумен ҚМА Ақмола облысы бойынша Департаментінің қызметкерлері әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Агенттік хабарлауынша, алтынды заңсыз өндіру, сатып алу, өткізу мен одан есепке алынбаған зергерлік бұйымдарды жасау және оларды сату бойынша барлық схема анықталған.

«2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін бес күдікті Бестөбе кентінде «қара іздеушілер» заңсыз өндірген және қайта өңдеген алтынды сатып алумен айналысқан», - деді ҚМА өкілдері.

Кейіннен алтын құймалары жолға қойылған арналар арқылы жеткізіліп, жерасты цехтарында белгілі сауда маркаларының есепке алынбаған зергерлік бұйымдары дайындалып, Астана мен Шымкент сауда үйлерінде сатылған.

«Тінту барысында 35 млн теңгеден астам сомаға 99,5% алтын бар 1 килограмнан астам алтын құйма және сатуға дайындалған 335 зергерлік бұйымдар тәркіленді. 2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қазанға дейін күдіктілер арасындағы ақша айналымы 300 млн теңгеден асты. Іс бойынша 5 адам күдікті деп танылып, оның 3 қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», - делінген хабарламада.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат таратылуға жатпайды.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.