Жамбыл облысында көші-қонды заңсыз ұйымдастырғандар ұсталды

Автор: Аманалина Тоғжан

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Фото: gov.kz

Қордай ауданының аумағында соңғы жарты жылда Оңтүстік Азия елдері (Пәкістан, Непал, Шри-Ланка) азаматтарының Қырғыз Республикасы жағынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының тысқары жерлерінен заңсыз өтуі жиіленген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметінше, биыл 19 қыркүйекте Қордай ауданы прокурорының үйлестіруімен ҚК-тің 394-бабының 2-бөлігі бойынша (адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) полиция бөлімі қылмыстық істі тіркеді.

Осы жылдың 20 қыркүйегінде Қордай ауданы прокурорының қаулысымен аудандық полиция, шекара қызметі және ұлттық қауіпсіздік органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, олармен бірқатар тергеу амалдары жүргізілді.

Нәтижесінде Оңтүстік Азия елдерінің 20 азаматын Қырғыз Республикасынан мемлекеттік шекараның өткізу пункттерінен тыс жерлері арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастырған 3 қылмыскер құрықталып (Қазақстан және Қырғыз азаматтары), қамауға алынды.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Басқа мәліметтер ҚПК-тің 201-бабының талаптарына сәйкес жариялануға жатпайды.