Павлодар облысында көлік апатынан жүргізуші қаза тапты

Автор: Мира Байбек

Демалыс күндері өңірде бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркелген

Павлодар облысында жол-көлік оқиғалары тіркелді. Жол апаты салдарынан жүргізуші ажал құшты. Зардап шеккен жолаушылар бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

21 қазанда сағат 06:20-да Павлодар – Успен автожолында, Мойылды кентінің жанында Toyota Alphard көлігінің 31 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, кюветке аударылып кетті.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды, жарақат алған жолаушы ауруханаға жатқызылды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ 22 қазанда сағат 18:20-да Гагарин көшесіндегі 65-үйдің жанында «КамАЗ» көлігінің 58 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақат алған жаяу жүргінші ауруханаға жатқызылды.

Сол күні, сағат 20:23-те Ледовск көшесінде жол-көлік оқиғасы болғаны туралы туралы хабарлама келіп түсті, онда Toyota Camry көлігінің жүргізушісі жол-көлік оқиғасынан кейін белгісіз бағытта қашып кетті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Айманов көшесіндегі патрульдік полиция батальонының автопатрулі 56 жастағы жүргізушіні ұстады, медициналық куәландыру қорытындысы бойынша «орташа дәрежеде» алкогольдік масаң күйде болған.

«Қазіргі таңда полиция қызметкерлері ЖКО фактілері бойынша тексерулер жүргізіп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылды», - дейді полиция өкілдері.