Алматы облысында тағы бір бала зорлығы анықталды

Автор: Мира Байбек

Аталған дерекке қатысты полиция өкілдері пікір білдірді

© Depositphotos.com

Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарақастек ауылында 10 жастағы қыз баланы зорлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Әлеуметтік желіде әйел адамның кішкентай қызы зорланғаны туралы арызынан кейін педофил деген күдіктінің ұсталып, қыздан жауап алынғаны, қыздың оқиғаның қалай болғанын айтып бергені туралы ақпарат таралып жатыр.

Аталған дерекке қатысты облыстық полиция департаментінің өкілдері пікір білдірді.

«17 қазанда Жамбыл аудандық полиция бөлімшесінде 2013 жылы туылған кәмелетке толмаған қыз баланға қатысты сексуалдық сипаттағы күш қолдану фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді.

Осы қылмыстық құқықбұзушылықты жасады деген күдікпен 1963 жылы туған азамат К- анықталып, барлық қажетті шаралар қолданылып, жедел-іздестіру іс-шаралары мен тергеу әрекеттері барысында күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген ПД хабарламада.

Қазіргі уақытта «қамауға алу» бұлтартпау шарасына санкция беру үшін іс материалдары сотқа жіберілді.

«Істің тергеу барысын Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы бақылауға алды», - деді ПД өкілдері.