Күдікті қалалық уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды
Оралда тоғыз жасар баланы тонап кеткен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
БҚО ПД хабарлауынша, Орал қаласында Абай аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері тонау қылмысын жасаған күдіктіні анықтады.
«18 қазанда 9 жасар жасөспірім үйіне келіп, ұялы телефонының жоғалғанын айтып, болған жағдайды әкесіне баяндап береді. Одан әрі әкесі мен баласы полицияға жүгінеді. Әңгіме барысында ұлы аулаға бейтаныс ер адам келіп, оның көзін басып, ойнағандай сынай танытып, кейін кетіп қалғанын айтады», - делінген ПД хабарламасында.
Жеткіншек ер адамның түр-тұлғасын сипаттап берді.
«Қолданылған жедел іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері орнатылған бейнекамералар арқылы күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Ол Орал қаласының 1986 жылғы тұрғыны екені белгілі болды және одан кәмелетке толмаған оқушының ұялы телефоны тәркіленді», - делінен хабарламада.
Күдікті қалалық уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Қазіргі кезде ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 1-бөлігі (Тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.