Қайғылы оқиға Қарағанды – Балқаш тасжолында болған
Қарағанды облысында болған жол-көлік апатынан 3 адам көз жұмды, деп хабарлайды Аzattyq Ruhy.
Облыстық ПД мәліметінше, үш адамның өмірін жалмаған жол апаты Қарағанды – Балқаш тасжолында болған.
«19 қазанда сағат 02:00 шамасында Қарағанды облысы Шет ауданында Қарағанды – Балқаш тасжолының Ақжал кентінен 10 шақырым жерде Chevrolet Cobalt автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі Қарағандыдан Балқашқа қарай бағыт алып бара жатып, алдын ала болжам бойынша, ұйықтап кетіп, жолдың қарсы бағытына шығып, 47 жастағы азаматтың басқаруындағы Mercedes Actros жүк көлігіне соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты», – деді Шет аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Қуаныш Қажкеров.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Полиция қызметкерлерімен оқиғаның мән жайы анықталып жатыр.
Полиция қызметкерлері көлік жүргізушілерден жылдамдықты шектен тыс асырмай, жолдың қарсы бағытына шықпауға кеңес береді. Сондай-ақ түнгі уақытта жол жүргенде ұйқы келген жағдайда тынығып, демалғаннан соң жол жүру керек екенін ескертеді.