Таразда мешітке келушілерді тонаған ер адамның видеосы тарады

Автор: Мира Байбек

Бұрын сотты болған 34 жастағы тұрғын қолға түсті

Жымбыл облысында мешітке келушілердің қалтасын үптеп кеткен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, полицейлер кезекті ұрлық дерегін ізін суытпай ашты.

«hибатулла Тарази» орталық мешітінде белгісіз адам келушілердің намаз оқып жатқанын пайдаланып, 45 жастағы азаматтың ілулі тұрған күртешесінің қалтасынан құны 250 мың теңге тұратын «Oppo 7» маркалы телефонын және оның 29 жастағы досының 570 мың теңгелік «IPhone 13» ұялы телефонын ұрлап кеткен», - делінген хабарламада.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері Тараз қаласының бұрын сотты болған 34 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Оған қатысты ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

«Тәжірибе көрсеткендей, оңай ақша табуды көздейтіндердің көпшілігі адамдар көп жиналатын орындарда, яғни мешіттерде, қоғамдық көліктерде, сауда орталықтарында ұрлық жасайды. Атап айтсақ, 9 айда 836 ұрлық фактісі тіркелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34,4 пайызға азайған. Оның ішінде, ұялы телефон ұрлығы 41,7 пайызға төмендеді», - дейді ПД өкілдері.