«Қызыл кітапқа» енген қарақұйрықтарды атқан Шу тұрғындары ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Тінту кезінде бес қарақұйрықтың денесі табылды

Жамбыл облысы Шу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында аталған ауданның Шоқпар ауылына қарасты «Бел» станциясы маңында жойылып кету қаупі бар сирек кездесетін жануарларды атқан азаматтарды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

«49, 50 және 61 жастағы жергілікті үш тұрғын «Қызыл кітапқа» енгізілген, аулауға тыйым салынған қарақұйрықтарды атыс қаруымен атқан. Олардың «Mitsubishi Pajero» маркалы автокөлігін тінту кезінде үш бірлік аңшы қаруы, 70 дана оқ және көліктің жүксалғышынан бес қарақұйрықтың денесі мен жарық шамы табылды», - делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 337-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот сараптамалары тағайындалды.