Оған 34 мың теңге көлемінде айыппұл салынды
«Алматы – Петропавл» бағытындағы жолаушылар пойызының мас жолаушысы «стоп кранды» басып, оны жұлып алған. Құқықбұзушы пойыздан түсіріліп, оған 34 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, мәжбүрлі түрде тоқтаған пойыз жоспардан тыс 16 минут аялдаған.
Ол Қостанай облысының 36 жастағы тұрғыны болып шықты. Сонымен қатар тәртіп сақшылары жоғарыда аталған азамат масаң күйде болып, «стоп кранды» жарамсыз етіп жұлып алғанын анықтады.
«Құқық бұзушы акт бойынша пойыздан түсіріліп, оған ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», - делінген хабарламада.