Семейде көпірге шығып алған ер адам психдиспансерге жеткізілді

Автор: Сымбат Ғалымжан

28 жастағы жігіттің мұндай әрекетке бару себептері анықталып жатыр

Фото: Polisia.kz

Семейде ер адам аспалы көпірге шығып алған. Құтқарушылар оны түсіріп алып, психикалық емдеу орталығына жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қалалық полицияға жергілікті тұрғыннан 28 жастағы азаматтың көпірдің аспалы құрылымына шығып алғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына дереу жеткен полицейлер ақпаратты растады. Бұл ақпарат бірден Абай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару бөлімшелеріне жеткізілді. Полицейлер құтқарушылар келгенше жігітпен келіссөз жүргізді», - делінген полиция ақпаратында.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері альпинистік құралдарды пайдаланып, аспалы көпірдің бағанасына шығып, ер адамға жеткен. Солай оны төмен түсірген.

Қазіргі уақытта 28 жастағы облыс тұрғыны психикалық денсаулық орталығына жеткізіліп, мамандар онымен жұмыс істеп жатыр. Оның мұндай әрекетке бару себебі анықталуда.

Айта кетерлігі, 29 шілдеде құтқарушылар Семейдегі дәл осы көпірден өзін өзі лақтырмақ болған ер адамды құтқарған еді. Ол үшін оған альпинистік жабдықпен жетуге тура келген.

22 қаңтарда дәл осы көпірден 17 жастағы жасөспірім секіріп кеткен болатын. Ол оқиға орнында көз жұмған. Куәгерлердің айтуынша, жас жігіт автогуж көпірінің ортасына жетіп, содан кейін көпірден құлап кеткен. Жас жігіттің көпір қоршауынан құлаған сәті, тіпті, кей өтіп бара жатқан жандардың кадрына түсіп те қалған.

Ал, Wisevoter ұйымының есебіне сәйкес, 2023 жылғы жағдай бойынша, суицид статистикасында Қазақстан 178 елдің ішінде 19-шы орында. 100 мың тұрғынға 17,6 жағдай тіркелген.

Бұл ретте еліміз балалар арасындағы суицид рейтингінде 180-ден 50-ші орынды иеленді.

Өз-өзіне қол жұмсаудың жоғары деңгейі – Түркістан облысында. Екінші орында –  Ақтөбе облысында және үшінші орында Атырау облысында көрсеткіштер жоғары.