CTS компаниясынан 50-ден автобус бөлінді
Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан қаласының коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан медициналық мекеме қызметкерлеріне сыйақы беріледі. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мәлімдеді. Бұдан бөлек, оларға қонақүйден тегін номер ұсынылады.
«Нұр-Сұлтан қаласының стационарларында коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдармен жұмыс істейтін медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін оларға қонақүйлер бөлінді. Ыстық тамақ беріледі. CTS компаниясынан 50-ден автобус бөлінді. Қаланың емханалары мен ауруханаларында жұмыс істейтіндер үшін де арнайы көлік ұйымдастырылған. Барлығы тегін», - деді Б.Мәкен.
Ал көшелердегі дезинфекциялық жұмыстарға күнделікті 400 адам қатысады. Оған әскери күштердің биологиялық қорғау бөлімшелерінің қызметкерлері де тартылған.
Еске салсақ, Нұр-Сұлтан қаласында 30 наурыз 5 сәуір аралығына қосымша шектеулер енгізіліп, кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер жұмысын тоқтатты. Қоғамдық көлік жүрмейтін болды.
Қазір Желтоқсан көшесі бойындағы №2 емхана 24 сағаттық жұмыс режиміне көшіп, ЖРВИ белгілері бар пациенттер тек сол жерде қабылданып жатыр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан