6 жыл төлемеген: Жамбыл облысында алимент төлеудан қашқан жігіт түрмеге қамалуы мүмкін

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды

Фото ашық дереккөзден

Жамбыл облысында алименттен қашқан жігіт сотталуы мүмкін. Полицияға облыстың 37 жастағы тұрғынына қатысты аудан прокуратурасынан ұсыныс түскен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қашқын әкені қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы материал түскен. Жігіт 2017 жылдан бастап өзінің кәмелеттік жасқа толмаған баласын асырауға алимент төлемеген. Құқық бұзушының берешегі 3 миллион теңгеден асып кеткен. Бұған дейін ол ҚР ӘҚБтК 669-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, соттың қаулысымен үш тәулікке қамалып та шыққан.

«Бұл азаматқа жеке сот орындаушысы халықты жұмыспен қамту орталығында түрлі бос жұмыс орындарын ұсынған, алайда жоғарыда аталған азамат ешқандай да себепсіз жұмысқа орналасудан бас тартыпты. Қазіргі уақытта баланы күтіп-бағуға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегіне қатысты ҚР ҚК 139-бабы (Балаларды асырап-бағуға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке жарамсыз ата-аналарды, еңбекке жарамсыз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға қаражат төлеуден жалтару) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары  басталды», -деді Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі.

Жоғарыда көрсетілген баптың санкциясында  алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.