Ол бұл әрекетке мас күйінде барған
Ертіс ауданында әкімдіктің электр есептегішін бұзған тұрғын қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ертіс ауылының әкімі полиция қызметкерлеріне белгісіз адам әкімдіктің балансындағы электр есептегішін бұзғаны жайлы шағымданған. Оқиға ауылдағы Рамазанов көшесінде болған. Тергеп, тексеру барысында есептегішті бұзған 45 жастағы ауыл азаматы екені анықталды.
«Ол сол күні үйінде электр қуаты қысқа уақытқа сөнгенін айтқан. Мас күйінде неліктен электр қуаты сөніп қалғанын анықтау үшін үйінің жанында орналасқан есептегішті бұзған», – дейді департаментте.
Полиция қызметкері осы адамға қатысты ҚР ӘҚБтК 147-1-бабының 1-бөлігі – (бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін) бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Материал сотта қаралды.
Оған қатысты аудандық соттың қаулысымен бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түрінде әкімшілік жаза тағайындалды.