Марқұм қыздың туыстары сот процесіне қатыстырылған жоқ
Шымкентте 5 жасар Еркежан Нұрмаханды өліміне қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Сот үкімімен кішкентай қызды өлтірген адам өмір бойына сотталды және оған химиялық кастрация жасау тағайындалды.
Сонымен қатар оған 100 миллион теңге моральдық шығын төлеу міндеттелді», - делінген хабарламада.
Сотталушы жазасын қатаң режимдегі мекемеде өтейтін болады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Марқұм қыздың туыстары сот процесіне қатыстырылған жоқ.
Тақырыпқа орай: Түркістан облысында азғынның қолынан қаза тапқан қыз жер қойнына тапсырылды
Еске салайық, бүкіл елдің жағасын ұстатқан жантүршігерлік қылмыс биыл 14 шілдеде болған еді. Белгісіз біреу Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қызды зорлап, өлтіріп кеткен. Еркежан Нұрмахан 13 шілдеде түс уақытында ауладан із-түзсіз жоғалып кеткен. Бүлдіршінді іздеуге бүкіл ауыл халқы жұмылған. Марқұмның туыстарының айтуынша, бұрын сотталған көршісінен күдіктенген. Іздеп жүрген топ оның үйіне екі рет барғанымен, үйін тек үшінші рет барғанда ғана толық тінтіп шыққан. Сол кезде күдіктінің қорасынан көптеген пышақ жарақаты бар қыздың денесі табылған.
Кейін белгілі болғандай, баланы өлтірді делінген педофил-күдікті бұрын кісі өлтіргені үшін 10 жылға жуық жазасын өтеп келген. Ал биылғы мамырдың басында өзгенің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін үш жылға бас бостандығы шектелгені анықталды.
Жантүршіктірер қылмыс туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.