Павлодар облысында көлік кюветке аударылып, жүргізуші қаза тапты

Автор: Аманалина Тоғжан

Жүргізушінің жылдамдықты асырғаны анықталды  

Фото ашық дереккөзден

Павлодар облысында көлік кюветке аударылып, жүргізуші қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

27 тамыз күні сағат 17:30-да Павлодар – Қызылорда автожолының 140 шақырымында, Байет ауылынан 2 шақырым жерде, BMW автокөлігінің 40 жастағы жүргізушісі көлікті басқара алмай, металл тиегішке соғылып, кюветке аударылған.

Жүргізуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Автоматты режимде жұмыс істейтін Қызылорда – Павлодар автожолында орнатылған «Зерек-2» аппараттық-бағдарламалық кешенінің мәліметтеріне сәйкес, бұл көлік құралында жылдамдымдығы – 218 км/сағ. тіркелген.

Сол күні сағат 15:50-де Павлодар қаласында Торайғыров – Ак.Бектұров көшелерінің қиылысында Nissan автокөлігінің жүргізушісі бағдаршамның тыйым салу сигналын елемей, 3 көлікпен - Toyota Estima, Lexus және Hyundai автокөліктерімен соқтығысқан.

Салдарынан Nissan және Toyota Estima көлігінің жүргізушісі, Hyundai көлігінің 46 жастағы жолаушысы да жарақат алып Павлодар қаласындағы ауруханаға жатқызылды.

Тағы бір жол-көлік оқиғасы 26 тамыз күні сағат 21:45-те Павлодар – Қызылорда автожолында болды. 36 жастағы Kio Rio автокөлігінің  жүргізушісі көлікті басқара алмай жол шетіне аударылып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші, оның 10 жастағы ұлы, 4 жасар қызы және жарақат алған 37 жастағы жолаушы Екібастұз қаласындағы ауруханаға жатқызылды. Автокөлік айып тұрағына қамалды.