«Коронавирус жұқтырдым»: Өскеменде мас адам жалған ақпаратпен дәрігер шақыртқан
Полиция қызметкерлері ер адамның шетелге шықпағанын анықтады
Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында жалған ақпаратпен арнайы қызметкер шақыртқан ер адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
25 наурызда коронавирус бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 нөміріндегі сall-орталыққа Өскемен қаласының тұрғыны хабарласып, өзінің коронавирус жұқтырғанын айтқан.
Қоңырау шалушы операторға жақында Тайландтан келгенін және бірнеше күн бойы ЖРВИ белгілерін байқағанын жеткізген.
«Жедел жеткен мамандар 39 жастағы ер адамнан ешқандай вирустық инфекция белгілерін таппады. Ер адам толық сау болып шықты. Алайда, ол сол сәтте мас болған», - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері тексеру кезінде ер адамның шетелге шықпағанын анықтады.
Қазіргі уақытта ер адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 438-бабы 1-бөлігі (Арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақыру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бап санкциясы 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды қарастырады.