Павлодар облысындағы жол апатында Мәшһүр Жүсіптің туыстары қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Баянауыл ауданында болған жол апатының мән-жайы анықталды

Фото ашық дереккөзден

Павлодар облысындағы жол апатында Мәшһүр Жүсіптің туыстары мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жақын туыстары ақынның есімімен аттас ауылға бара жатқан жолда көлік апатына түсіп, көз жұмды. Бұл ақпаратты Жаңажол ауылдық округінің әкімі Сәбит Кенжалин растады. 

«Осы жол апатында Екібастұз қаласының тұрғыны – ғұламаның шөбересі мен Жаңажолда тұрған немересінің келіні қайтыс болды. Олар Мәшһүр Жүсіптің мерейтойын тойлауға Баянауылға шыққан», – деп хабарлады ауыл әкімі.

Әйел адамның артында үш баласы қалды. 

Еске сала кетейік, 10 тамыз күні Екібастұздан 50 шақырым жерден Мәшһүр Жүсіп пен Жаңажол ауылдарының жолында ВАЗ-2110 және LADA Priora көліктері соқтығысқан. Салдарынан жеті жасар бала мен төрт ер адам түрлі жарақаттар алып, зардап шеккен. Олардың екеуі 25-те, қалған екеуі 32,31 жаста. ВАЗ-2110 жолаушылары – 53 жастағы ер адам мен 31 жастағы әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды.

Облыстық полиция департаменті ЖКО фактісі бойынша тексерісті бастады.