Қырғызстаннан екі вагон темекі өнімдері Қазақстанға заңсыз әкелінбек болды

Автор: Azattyq Rýhy

Тауардың құны 1,3 млрд теңгені құраған

Қырғыз Республикасынан құны 1,3 млрд теңгеден асатын екі вагон темекі өнімдерін жөнелтпе құжатсыз және ЕБМ-сіз әкелуге әрекеттену фактісі бойынша қылмыстық істі ҚМА Жамбыл облысы бойынша Департаменті тергеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік кірістер органдарының есептеулері бойынша акциздің бюджетке төленуі тиіс сомасы 585 млн теңгені құрайды.

«Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында бірқатар жедел-іздестіру шаралары, тиiстi сараптамалар жүргiзiлуде, оның нәтижелерi бойынша қылмыстық iс бойынша процестік шешiм қабылданады.

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды», - делінген хабарламада.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.