Астанадағы коттедждердің бірінде газ баллоны жарылып, 3 адам зардап шекті
Оқиға болған коттедж үй кішігірім той-томалақ өткізу үшін жалға беріліп келген
Астанада «Нұрлы жол» вокзалы маңындағы коттеджде пропан газ баллоны жарылып, үш адам жарақат алды. Бұл туралы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«5 тамыз күні сағат 16:25-те «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ апаттық диспетчерлік қызметіне үш адамның газ жарылысынан зардап шеккені туралы хабарлама келді. Оқиға Астана қаласының «Нұрлы жол» вокзалының маңындағы шағынауданда болған. Жедел жеткен апаттық-диспетчерлік бригаданың мәліметінше, жеке тұрғын үйде болған газ жарылысына пропан газ баллоны себепкер болған», - деп жазылған ҚазТрансГаз Аймақ хабарламасында.
Жарылыстан зардап шеккен 1995 жылғы ер адам мен оның 7 және 2 жасар балалары қала ауруханасына жатқызылды.
Ұйымның хабарлауынша, газ баллоны редукторының шлангпен жалғанатын жерінде ақау болған. Сол жарықшақтан шыққан газ пропан баллоны тұрған орын мен оған жапсарлас жуынатын бөлмеде жиналып қалған. Кейін жуынатын бөлмеге кіріп жарық жаққандағы ұшқыннан газ жарылысы орын алған.
Үйдің өзі табиғи газға қосылғанымен, жарылыс кезінде табиғи газ өшіріліп тұрған. Үй иелері табиғи газды тек жылыту маусымында ғана қолданған. Қалған кезде газ баллондарын қолданып келген.
Оқиға болған коттедж үй кішігірім той-томалақ өткізу үшін жалға беріліп келген. Бұл үйде газ дабылқаққыштары орнатылған, бірақ ол іске қосылмаған.
«Оқиға орнына ТЖД, учаскелік полиция қызметкерлері, үйішілік газ жабдықтарына қызмет көрсету компаниясының өкілі мен үй иесі шақырылды. Қазіргі уақытта жағдайдың себептері анықталуда. Бұл ретте «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ үйішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетпейтінін атап өтеміз. Газды пайдалану ережелерін сақтаңыздар», - дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ.