Алматыда коронавирус жұқтырғандар арасында 2 бала, бір ана бар
Соның ішінде бір баланың жағдайы орта ауыр халде
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев қалада коронавирус жұқтырған тағы 2 адам тіркелгенін хабарлады.
«Екі пациент бұған дейін осы індетті жұқтырған жандармен байланста болған. Олардың бәрі стацинарда карантинде болған. Коронавирус инфекциясын анықтау және емдеу протоколына сәйкес ем-дом шаралары басталды. Екі пациенттің де жағдайы қанағаттанарлық», - деді ол тікелей эфирдегі брифинг барысында.
Осылайша, қазір Алматы қаласының жұқпалы аурулар аурханасында 22 пациент, соның ішінде, балалар жұқпалы аурулар ауруханасында 2 бала және ауру жұқтырған 1 ана жатқаны белгілі болды. Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, екі науқастың, онын ішінде бір баланың денсаулығы орта ауыр халде. Қалған пациенттердің денсаулығы қанағаттанарлық.
«Бүгінде қаланың провизорлық госпитальдарында карантинде 660 азамат, ал үй карантинінде 1472 адам бар.Карантинге оқшауланған барлық азаматтың дене қызуы қалыпты деңгейде, катаральды құбылыстар жоқ», - деді ақпаратты түйіндеген ол.
Cоңғы дерек бойынша, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 31 адам, Алматы қаласында – 25 адам, Қарағанды қаласында - 2, Алматы облысында - 1 адам, Ақтөбе облысында - 1 адам, жалпы 60 науқас тіркелді.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан