Пандемия хроникасы: Жапония Премьері Олимпиада кейінге қалуы мүмкін екенін айтады
Қазір әлем бойынша 338 мыңнан аса адамнан коронавирус инфекциясы табылған
Әлемде COVID-19 пандемиясынан болатын жаңа SARS-CoV-2 коронавирусын жұқтырғандардың саны күн санап артып келеді. Халықаралық Worldometer еріктілер тобының мәліметіне сүйене отырып DW сайтының хабарлауынша, қазір қауіпті вирус әлемнің 192 еліне өткен. Әлем бойынша 338 мыңнан астам адам ауырып жатқан бұл вирустан 99 мыңнан астам адам құлан таза айықса, 14 мыңнан астам адам қаза тапқан. Өткен аптада вирус өте үлкен залал тигізген ел Италия болды. Германияда әлеуметтік байланысты қатты шектейтін өте қатаң шаралар қолданылып жатыр. DW сайты 23 наурыздағы жағдайға (Мәскеу уақыты бойынша) шолу жасайды.
++07.12++
Еуропа елдерінің арасында коронавирус көп тараған елдердің көшін Италия бастап отыр. Осы сағатта Италияға дәрігерлер бригадасы мен медициналық жабдықтар жеткізу үшін Ресейдің Ил-76 ұшағы қонды. Елде соңғы тәулікте 627 адам вирустан қаза тапты.
++06.11++
Оңтүстік Кореяда вирус жұқтырғандар саны 25 ақпаннан бергі ең төмен көрсеткіш берген. Соңғы тәулікте бұл елде 64 адамнан коронавирус табылған. Ал, жалпы 8961 оңтүстікореялық вирус жұқтырғаны анық болса, оның ішінде 111 адам көз жұмған. Жеті адам бір тәулікте қаза тапқаны хабарланып отыр.
++05.58++
Азия елдерінің нарығында мұнай бағасы демалыстан кейінгі ашық саудада арзандады. Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 25,01 долларға, WTI мұнайы 21,05 долларға сатылған.
++05.24++
Австралияның ұлттық олимпиада комитеті Олимпиада ойындары 2021 жылы өтеді деп, соған дайындалуға кеңес берді. Комитет мүшелері видеоконференция барысында «отанымыздағы және шетелдегі құбылмалы жағдайларға байланысты, Австралия құрамасын жасақтау мүмкін емес дегенге бірауыздан келіскен. «Олимпиада ойындары 2020 жылдың шілдесінде өтуі мүмкін емес екені анық», деген комитет мүшелері.
++05.04++
Қытайда соңғы тәулікте 39 адам вирус жұқтырғаны хабарланып отыр. Қытай халық Республикасының Ұлттық денсаулық сақтау комитеті хабарлағандай, осы 39 адамның барлығы шетелден келгендер. Бір тәулікте Қытайда вирустан көз жұмғандар саны тоғыз адам болған.
++04.40++
Канаданың Ұлттық олимпиада комитеті Халықаралық олимпиада комитеті мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын COVID-2019 пандемиясына байланысты, жазғы Олимпиада ойындарын бір жыла шегеуге шақырды. Канаданың өзі болса, спортшыларды 2020 жылғы Олимпиада және параолимпиада ойындарына жібермейміз деген шешім қабылдаған.
++04.19++
Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэ жазғы Олимпиада ойындарын 24 шілдеден 9 тамызға көшіру мүмкіндігін жоққа шығармайды. «Атлеттердің денсаулығы маңызды», - деді ол парламентте сөйлеген сөзінде. Алайда, шараны мүлде тоқтату туралы сөз болмайды, деп атап өтті жапон премьер. Олимпиада ойындары өтпеген жағдайда Жапония 15 млрд доллар жоғалтады.
++04.07++
Жаңа Зеландия билігі 24 наурыздан бастап мектептер мен компанияларды уақытша жабуды тапсырды. Супермаркеттер мен дәріханалар жұмысын жалғастырады деп сендірді Премьер-министр Джасинда Ардерн.
++02.10++
Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбдел-Азиз әл Сауд 21 наурыз күні елде сағат 19.00-ден таңғы 6-ға дейін коменданттық сағат енгізуді тапсырды.
++02.06++
Біріккен Араб Әмірліктерінің әуежайлары жолаушылар ұшақтарын қабылдауды және жөнелтуді 2 аптаға тоқтатады. Шара эвакуациялау мақсатында ұшатын және жүктерді тасымалдайтын рейстерге қолданылмайды.
++01.57++
Түркияда вирус анықталған адамдар саны мыңнан асты. Ресми мәліметтер бойынша, соңғы тәулікте SARS-CoV-2 289 адамнан табылған, жалпы жұқтырғандардың саны 1 236 адамды құрайды, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджа.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан