Күдікті тауарды кімге сатпақ болғаны әзірге белгісіз
Талдықорған қаласындағы жеке үйлердің бірінің ауласынан 250 қорапқа салынған медициналық бетперде табылды. Жалпы санау барысында әр қорапта 1800-2000 дана бетперде болған деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Болжам бойынша, күдіктілер тауарды тиеп, одан әрі жөнелтуге дайындаған.
«Беркут-162» патрульдік экипажы аулаларды жүріп өту барысында қолдан жасалған қойманы байқаған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Тексеру барысында еш жерде жұмыс істемейтін 1960 жылы туған азамат ұсталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді Талдықорған ҚПБ бастығы полиция полковнигі Асқар Нұрсапа.
Қазіргі уақытта алдын ала тергеу жұмыстары жүргізілуде. Күдіктінің медициналық бетперделерді қайда және кімге тасымақ болғаны анықталады.