Ақмола облысында 59 жастағы жұмысшы топырақ астында қалып көз жұмды

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған дерек бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды

Фото ашық дереккөзден

Ақмола облысында су құбырын тартып жатқан 59 жастағы ер адам топырақтың астында қалып көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, қайғылы жағдай Ақкөл қаласының «Наука-1» саяжай алабында сантехникалық жұмыстары кезінде болған.

Бұл жайында Ақкөл аудандық ПБ кезекші бөліміне жергілікті медбике хабарлап айтқан.

«Белгілі болғандай, 59 жастағы ер адам шілденің 27-де сағат 16:30 шамасында үй иесімен ауызша келісім негізінде ені 1,5 метр, тереңдігі 2 метр шұңқырға түсіп, су құбырын тартпақшы болған. Осы кезде шұңқырдың жоғары қабатындағы топырақ опырылып, ер адамды басып қалған. Ол алған дене жарақатынан сол жерде көз жұмды», - делінген хабарламада.

ПД баспасөз қызметінен атап өткендей, бұл дерек Қылмыстық кодекстің 156-бабы бойынша тіркеліп, сот-медициналық сараптама тағайындалды.