Меккеден ұшып келген қазақстандықтан коронавирус анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Науқас Қарасай ауданының тұрғыны

Алматы облысында COVID-19 вирусын жұқтырған бір адам тіркелді. Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақтың хабарлауынша, науқас елімізге Меккеден ұшып келген.

«Денсаулық министрлігі таратқан соңғы ақпаратта коронавирус Талдықорғанда тіркелді делінген. Алматы облысында аталған вирус бір адамнан анықталды. Бірақ бұл жағдай Талдықорғанда емес, Қарасай ауданында тіркелді. Қазір 1986 жылғы науқас Қаскелеңдегі инфекциялық ауруханада жатыр. Жағдайы тұрақты. Қазір вирус жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болғандардың барлығы анықталды. Тиісті шаралар атқарылуда. Ал коронавирус жұқтырған адам біздегі мәлімет бойынша 17-ші наурыз күні Меккеден Ыстамбұл қаласы арқылы Бішкекке ұшып келген. Ол жердегі Кеден бекетінен жаяу өтіп, Алматыға таксимен келген. Көлікте онымен бірге 3 азамат болған. Алматыда күтіп алған достарының үйінде болып, кейіннен Жамбыл облысына әйелі мен бала-шағасына шығады. Ол жақта бір күн болғаннан кейін Қарасай ауданына келеді. Өзін жайсыз сезінген азамат дәрігерлерге өзі хабарласқан», - деді ол.

Науқастың айтуынша, ол 19 наурыздан бастап ауру белгілерін  байқай бастаған, ал 20 наурызда Қырғауылды ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға медициналық көмекке жүгінген.

«Дәрігердің қарауынан кейін науқас Қарасай аудандық ауруханасының инфекциялық бөіліміне жеткізіліп, оқшауланған палатаға жатқызылған. Зертханалық тексеру жүргізіліп, COVID-19 тесті оң нәтиже көрсеткен. Қазір сырқаттың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Науқастың 11 адаммен байланыста болғаны анықталды, соның 4-еуі – өз отбасының мүшелері, 3-еуі – құлшылыққа бірге барғандар, 2-еуі достары. Байланыста болған басқалары анықталуда, облыс аумағында тұратын, сырқатпен байланыста болғандар провизорлық стационарға оқшауланады.Сапардан келгеннен кейін Жамбыл облысы мен Алматы қаласында байланыс жасаған азаматтар туралы мәліметтер тиісті органдарға берілді. Эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жүргізілуде»,-деді облыстың баспасөз қызметі.

Еске салсақ, 21 наурызда Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 53 адамға жетті. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 28 адам, Алматы қаласында – 22 адам, Қарағанды қаласында - 2,  Алматы облысында- 1 адам анықталды.