Бұл балық шаруашылығы үшін тиімді
Биыл Жайық суы көп жылғы орташа деңгейден 20-30 см биіктеуі мүмкін. Оған Ресей аумағына түскен қар көлемінің нормадан артық болуы себеп. Нәтижесінде Ириклинск су қоймасына келетін су көлемі де артпақ. Осылайша су қоймасы Жайыққа былтырғыдан 3 есе артық су жібергелі отыр, деп хабарлайды Астана телеранасы.
«Су жіберуді сәуір айының 19-29 аралығында 500 метр куб секундына дейін жеткізеді. Одан кейін қайтадан төменге түседі. Бұл былтырғыдан үш есе көп болады деп айтуға болады. Ал, Ириклинск су қоймасынан жіберілетін судың көлемін де тараптар молайтуды жоспарлап отыр. Аталған қойманың сыйымдылық көлемі - 3,2 млрд текше метр.
Биыл мұнда екі млрд текше метрден астам су келмек. Сондықтан ресейлік тарап келетін суды ұстап қалу үшін су қоймасын қажетті деңгейге дейін босатуда. Екі елдің су қызметкерлерінің арасындағы келісім Росгидромет болжамына негізделген»,- дейді Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғазидолла Азидуллин,
Демек Жайық өзенінің Атырау қаласы бойынша деңгейі 455 см-ден 480 см дейін көтерілмек. Өзен арнасы толса, экологиялық жағдайы жақсарып, аймақтағы балық шаруашылығы жаңа қарқын алады. Былтыр Жайық өзеніне келген су мөлшері, ең төменгі көрсеткішке жеткен еді. Бар жоғы 3 жарым млрд текше метр ғана су құйылды. Ал өзеннің орташа көп жылдық су көлемі – 9,5 млрд текше метр екенін ескерсек, трансшекаралық өзеннің тайыздауы мамандарды әуре сарсаңға салған болатын.