Қосшыда 3 жасар бала терезеден құлап кетіп, тірі қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол қазір Астана қаласының № 2 қалалық балалар ауруханасында жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Елорда іргесіндегі Қосшы қаласында 3 жасар бала төртінші қабаттан құлап кетті. Бұл туралы Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

21 шілдеде Қосшы қаласының полиция бөліміне жедел жәрдем станциясынан кішкентай баланың төртінші қабаттың терезесінен құлағаны туралы хабарлама келіп түсті.

«2020 жылы туылған қыз баланың ересектердің қарауынсыз қалып, қызығушылықпен терезеге көтеріліп, сол жерден құлап кеткені анықталды. Жабық бас ми жарақаты, мидың шайқалуы, қабырғалардың сынуы диагнозы қойылған бала Астана қаласының № 2 қалалық балалар ауруханасында жатыр», - делінген хабарламада.

Балалардың терезеден құлап кетуіне байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін полицейлер ата-аналарға бүлдіршіндерді терезелері ашық бөлмеде қараусыз қалдырмауға, терезелердің жанына жиһаз қоймауға кеңес береді.