Кішкентай қызды теуіп құлатқан түрік азаматы Қазақстаннан шығарылады
Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл мәлімдеді
Алматы облысында сауда орталығында кішкентай қыз баланы теуіп құлатқан түрік азаматы Қазақстаннан шығарылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлім етті.
«Маған кеше сауда орталығында қыз баланың теуіп құлатылғаны туралы ақпарат келіп түсті. Бұл жайт «Бұзақылық» бабы бойынша тіркелді. Әрекетті жасаған адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторынаа қамауға алынды. Алматы облысы ІІМ ПД-мен байланыстамын.
Аталған факт бойынша сот шешімі күшіне енгеннен кейін тұлғаны ҚР шекарасынан шығаруға бағытталған сот процесі басталады (жазасын мұнда өтегеннен кейін)», - деп жазды омбудсмен желідегі парақшасында.
Ол ер адамның әрекеті бұзақылық бабы бойынша жазаға тартылатынын атап өтті.
«Сонымен қатар қазіргі таңда заңнамада балаларға қатысты қылмыстың осындай құрамына байланысты бап жоқ екенін атап өткен жөн. Нәтижесінде тұлға жауапқа «кәмелетке толмағанға қатысты жасалған іс-әрекет» деген ауырлатушы біліктілік белгісі де жоқ «Бұзақылық» бабы бойынша тартылады.
Осыған байланысты біз қазір ҚР ІІМ-мен бірлесіп, заңнамаға балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты тиісті баптарды енгізумен жұмыс істеп жатырмыз.
Жалпы, түзетулер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты әртүрлі саламен байланысты. Заңнамаға ұсыныстар пакетін ҚР Парламентіне осы күзде беруді жоспарлап отырмыз», - деді Д. Зәкиева.
Еске салсақ, жаға ұстатарлық жағдай 24 шілдеде сауда орталықтарының бірінде болған. Күдікті тергеу барысында оқиғаның мән-жайын айтып, кінәсін мойындады. Зардап шеккен қыз немесе оның ата-анасы орталық облыстық ауруханаға жүгінбегені хабарланды.