Алматы облысындағы сауда орталығында шетел азаматы 4 жасар қызды теуіп құлатқан

Автор: Azattyq Rýhy

Барлық тергеу әрекеттері сараптамалар тағайындау арқылы жүргізіледі

Фото ашық дереккөзден

Алматы облысы Қарасай ауданындағы Aport Mall сауда үйінде жүрген түрік азаматы жол бермеген төрт жасар қызды теуіп жіберген. Әлеуметтік желіде сол сәттің бейнежазбасы тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бейнежазбадан ер адамның кішкентай қызды теуіп құлатқанын анық көрінеді.

Қыздың анасы қызын тепкен ер адамның үстінен полицияға арыз жазды.

Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл фактінің ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 1-бөлігі (бұзақылық) бойынша аудандық ішкі істер басқармасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркелгенін хабарлады.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары 1998 жылы туған Түркия Республикасының азаматын анықтап, полицияға әкелді. Жауап алу кезінде күдікті болған жайды айтып, өз кінәсін толық мойындады», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат заңнамада белгіленген тәртіппен уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық тергеу әрекеттері сараптамалар тағайындау арқылы жүргізіледі.