Ол күллі Қазақстан халқынан кешірім сұрады
Бүгін Алматы полициясы коронавирус жұқтырып алғаны үшін өз-өзіне қол жұмсап жатқандай кейіп танытып, видео жариялаған азаматты құрықтады.
Қала тұрғыны видеода қауіпті инфекция жұқтырып алғаны үшін маңдайына тапанша тақап, өз-өзіне қол жұмсамақ болады. Содан соң аталмыш видеоны әлеуметтік желіге салған. Интернетке мониторинг жасаған қалалық полиция департаменті күдіктіні қолға түсіріп, қамауға алған. Д. есімді азамат бұл қылығы үшін халықтан кешірім сұрады. Айтуынша, ол видеоны 18 наурызда түсірген.
«Мен бұл видеоны әзіл үшін түсіріп, жақын достарыма ғана жібергенмін. Әлеуметтік желіге қалай тарап кеткенін білмеймін. Бәрі әзіл үшін істелген еді, коронавирус немесе суицид туралы ой болған жоқ. Бәріңізден кешірім сұраймын. Ақымақтық жасадым, кінәмді мойындаймын», - деді Д. есімді азамат.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы